| |
RUS ENG KAZ

Біз туралы жазады

10.06.2011

Айқын
Автор: Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Кеше Алматыда Ержан Тәтішев қоры Білім беру гранттары бағдарламасы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген ең алғашқы түлектерді марапаттады.

Кеше Алматыда Ержан Тәтішев қоры Білім беру гранттары бағдарламасы бойынша жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген ең алғашқы түлектерді марапаттады.

Бір қуантатыны, Ержан Тәтішев атындағы қордың құрылтайшылары әлеуметтік жағынан аз қорғалған және мүгедек жастардың өз құрбылары тәрізді жоғары білім алуына мүмкіндігінше жағдай жасап келеді. Осыдан төрт жыл бұрын аталған қор қолға алған Білім беру гранттары бағдарламасы бойынша дәл қазіргі күні еліміздің жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 44 жас білім алуда. Ал кеше қор құрылтайшылары өздері жүзеге асырып келе жатқан Білім бағдарламасы бойынша еліміздің бірқатар жоғары және арнаулы оқу орындарын үздік бітіріп, диплом алған алғашқы түлектерге салтанатты жағдайда сый-сияпат көрсетті.

- Атамыз қазақ «жетім көрсең, жебей жүр» деп тегін айтпаған ғой. Халқымыздың осынау даналық сөзін үнемі бойтұмардай ұстанатын марқұм ағам Ержан Тәтішев әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарға, әсіресе, жастарға көмек қолын ұсынуды кім-кімнің де азаматтық парызы деп санайтын. Сөйтіп, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларын үнемі қамқорлыққа алып жүретін-ді. Сол қағиданы басшылыққа алған біздің қор осыдан төрт жыл бұрын жоғары білім алуға материалдық жағдайы жоқ, бірақ талантты да білімді жастарға қолдау көрсету мақсатында арнайы Білім гранты бағдарламасын жасап, әлгіндей жастарға көмек беруді бастаған-ды. Қор өзінің бағдарламасы туралы құлақтандыру жариялаған күннен бастап, бізге еліміздің түкпір-түкпірінен сан мыңдаған жастар хабарласты. Мысалы, бүгін жоғары және арнаулы оқу орнын бітіріп отырған Е.Тәтішев қорының түлектері осыдан тура төрт жыл бұрын республика бойынша ұсыныс білдірген 600 жастың арасынан мұқият таңдап алынды. Анығын айтар болсам, біздің стипендиаттарымыздың алдына қойып отырған басты талабымыз - олар жоғары оқу орындарында үздік оқып қана қоймай, өздері азамат болып қалыптасқан соң өздерінен кейінгі жасөспірімдердің білім алуына көмек қолын ұсынса дейміз. Демек, біз өз стипендиаттарымызға қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың салиқалы азамат болып өсуін үнемі қадағалап отырамыз. Жастарға қойылатын талап та қатал. Шындығын айтуым керек, біздің талап-тілегімізден шыға алмаған 3-4 студент жас биылғы жылы Тәтішев қорының стипендиаты болу мүмкіндігінен айырылды. Ең бастысы, көкірек көзі ояу, санасы пісіп-жетілген, кез келген істі дөңгелетіп әкете алатын батыл әрі ерік-жігері мол, білімді, өзінің қарақан басының қамы үшін ғана емес, керісінше, еліміздің баянды болашағы үшін аянбай еңбек ете алатын жастарды тәрбиелеп шығару - біздің басты бағдарымыз. Ал біздің түлектеріміз осындай ізгі талап-тілекке сай болуы керек, - деп Ержан Тәтішев қоры құрылтайшыларының бірі Еркін Тәтішев осы бағдарламаның мән-маңызын түсіндірді.

Ержан Тәтішев қоры Білім бағдарламасының бір ерекшелігі, қор қызметкерлері алғашқы күннен бастап жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітіргенге дейін әрбір жаспен әрдайым байланыста болып, олардың білім саласындағы жетістіктерін үнемі қадағалап отырады. Қор мамандарының осындай қамқорлығы жағдайында биыл тұңғыш рет Ержан Тәтішев қорының 14 түлегі диплом алды. Олардың арасында Қазақтың менеджмент, экономика және болжау институтын, Халықаралық бизнес университетін, Халықаралық бизнес академиясын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, т.б. жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірушілер бар. Биылғы түлектердің бірнешеуі мүгедек жастар. Олардың бірі жоғары оқу орнын, енді бірі арнаулы орта оқу орындары - колледждерді бітіріп отыр. Ал қордың президенті Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, қазіргі күні еліміздің оқу орындарында білім алып жатқан 44 шәкірттің 20-сы мүмкіндігі шектеулі жастар болса, бесеуі балалар үйінде тәрбиеленгендер.

- Біздің қор ізденгіш һәм талапты жастардың білім алуымен қатар, олардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, әлеуметтік жағынан аз қорғалған жастардың арасынан кәсіпқой және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап шығаруды жөн санайды. Бұл - Тәтішев қорының бұлжымас қағидасы, - дейді қордың президенті Марат Айтмағамбетов. Е.Тәтішев қорының түлектеріне арналған салтанатқа алыстан ат арылтып келіп қатысқан ата-аналар қор құрылтайшыларына алғыс-тілектерін айтып, олардың осынау игілікті істі жалғастыра берулеріне сәттілік тіледі.