| |
RUS ENG KAZ

Жаңалықтар

27.08.2010

Баспасөз мәлімдемесі
«Ержан Тәтішев Қоры» ҚҚ 2010-2014 жылдардың бағдарламалары бойынша берілетін білім гранттарының жеңімпаздарын марапаттады

27-тамыз күні Алматыда «Ержан Тәтішев Қоры» ҚҚ-ның 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламалар бойынша білім гранттарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Ержан Тәтішевтің қайырымдылық қорының биылғы байқауы қаңтардың 20-сы күні жарияланған болатын. Үміткерлердің өтініштері 31-наурызға дейін қабылданды. Содан соң үш кезең нәтижесі бойынша 11 стипендиаттың есімі анықталды. 2010 жылы «Ержан Тәтішев Қорының» білім гранттарының бюджеті 37, 8 млн. теңгені құрап отыр.

2010 жылы Ержан Тәтішев Қорының стипендиаттары әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға қаржы-экономикалық мамандықтар бойынша бакалавр дәрежесінде оқыту және мүгедек жастарға арнайы-орта білім беруге арналған екі гранттық бағдарлама бойынша іріктелді. Нәтижесінде 2010 жылы «Ержан Тәтішев Қоры» әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 28 176 282 теңгелік 5 білім грантын, ал мүгедек жастар үшін 5 960 130 теңгелік 6 грант бөлетін болды.

Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын оқыту бағдарламасы бойынша түскен өтініштердің басым бөлігі әдеттегідей, Алматы қаласына тиесілі. Сондай-ақ, Павлодар, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Қызылорда, Петропавл, Текелі, Қостанай, Қарағанды мен Семейлік балалар да байқауға қатысуға ниет білдірді. Көршілес Қырғызстаннан 2 өтініш келіп түсті.

Байқау қорытындысына сүйенсек, бакалавр дәрежесіне оқыту бағдарламасы бойынша бөлінген стипендияларды Аслан Әділбеков (Семей қ.), Әйгерім Ноғайбаева (Павлодар қ.), Динара Ким (Алматы қ.), Айнұр Сүлейменова (Талдықорған қ.), Мәдина Зекеева (Семей қ.) жеңіп алды.

Бакалавр дәрежесіне оқу бағдарламасы бойынша білім гранттарын жеңіп алған стипендиаттар Қормен әріптестік байланыс орнатқан жоғарғы оқу орындарында білім алады. Олардың қатарында: Қазақстанның Менеджмент, Экономика және Болжау Институты (ҚМЭБИ), Халықаралық Бизнес Университеті (ХБУ), Халықаралық Бизнес Академиясы (ХБА) бар. Ержан Тәтішев Қорының бакалавр дәрежесін алу бағдарламасы бойынша бөлінген білім грантына толық оқу ақысы, айлық стипендия, жатақханада тұру ақысы және сырттан келген студенттер үшін жылына бір рет жол ақысы енгізілген.

Мүгедек жастарға арналған бағдарлама стипендиаттары өз қалауы бойынша Қазақстан Республикасы аумағындағы кез-келген арнайы-орта оқу орнында білім алады. Стипендиаттар: Акауп Мадина мен Ауданбеков Ахат (Семей қ.), Байбосынов Сұлтан, Грачев Петр, Добрышкина Юлия, Жиенбеков Қанат (Алматы қ.).

Қосымша ақпарат

«Ержан Тәтішев Қоры» қоғамдық қоры 2005 жылдан бері қайырымдылық саласында қызмет ететін кіріссіз, қоғамдық-қайырымдылық ұйымы болып табылады. Қорды Қамқорлық кеңесі басқарады. Қордың стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін осы кеңес айқындап отырады. Қамқорлық кеңесінің құрамына Қазақстанның белгілі ғалымдары, ірі бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, музыканттар мен қоғам қайраткерлері кіреді. Қордың Қамқорлық кеңесін «БТА Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Ерлан Тәтішев басқарады.

Тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған гранттар 2007 жылдан бері, мүгедек жастарға арналған гранттар 2008 жылдан бастап бөлініп келеді. Стипендиат үздік оқыған жағдайда грант барлық оқу жылдарына үздіксіз төленеді. Қордың негізгі мақсаты – Қазақстанда нарық тетіктері мен либералды демократиялық қоғамның нығауына және дамуына ықпал ететін қаржылық-экономикалық элита қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін «Ержан Тәтішев Қоры» стипендиаттарының оқу сапасы мен сабақ үлгерімін тексеріп отырады. Сондықтан, Қор тарапынан қойылатын академиялық үлгерім шартына (80%-дан төмен емес) жауап бере алмаған 5 студент кезінде бағдарламадан шығарылған болатын. 2008 және 2009 жылдары балалар үйлерінің түлектеріне білім гранттарын бөлу жөніндегі арнайы бағдарлама жұмыс істеді. Бірақ, бағдарламадан шығып қалушылар санының көбеуіне байланысты ол тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған бағдарламамен интеграцияланды. Мұнда іріктеу барысында балалар үйлерінің талапты түлектеріне басымдық беріледі.

Қор әлемдік қаржы дағдарысынан кейін туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан өзінің қайырымдылық қызметін тоқтатқан жоқ. 2007 жылдан бастап 2010 жылдың тамызына дейінгі аралықта «Ержан Тәтішев Қоры» 49 стипендиатқа жалпы 56 856 677 теңге көлемінде білім грантын табыс етті. Келер жылы Қор мынадай екі бағдарлама бойынша грант бөлуді жалғастырады: тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен балалар үйлерінің түлектерін бакалавр дәрежесіне оқыту және мүгедек балаларға арнайы-орта білім беру гранттары.

Қосымша ақпарат алу үшін «Ержан Тәтішев Қоры» ҚҚ-на хабарласуға болады:
Тел: +7 (727) 298 02 49, факс: +7 (727) 298 02 50, email: askar@tatishevfoundation.kz

Комментарии

Вам не разрешено создавать комментарии. Для создания комментария зарегистрируйтесь на сайте.